
Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары әдебиетке бір топ жас буын өкілдері келіп қосылды. Олар кеңестік дәуірдегі Хрущевтың жылымық кезінде сәйкес келді де, әдебиет пен журналистика дүр етіп көтерілді. Сол жылдардың екінші жартысында әдебиетке қадам басқандардың қатарында бүгінде әдебиетке еңбегі сіңген, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әнес Сарай да бар.
Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде білім алған ол әдебиетке журналистикадан келді. Сондықтан да Әнес Сарайдың бірінші қыры – кәнігі журналистігі. Университеттің соңғы курсында оқып жүріп мерзімді баспасөзде жұмыс істеп, әдеби өмірге айналыса бастаған ол университетті тәмамдаған соң, «Егемен Қазақстан», «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газеттерінде әдеби қызметкер болды. Бұл жылдар оның қаламы ұшталуына, журналист болып қалыптасуына көп әсерін тигізді. Жастардың республикалық газетінен тәжірибе жинақтаған соң, көп кешікпей, «Лениншіл жас» газетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша тілшісі, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. Бұл жылдар болашақ баспагердің баспа жұмыстарына еркін араласуына мүмкіндік берді. «Жазушы» баспасында редактор, бөлім меңгерушісі болса, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші қызметтерін атқара жүріп, 1978-1997 жылдар аралығында «Жазушы» баспасы бас редакторының орынбасары, одан соң Бас редакторы болып абыройлы еңбек етті. Осы жылдары таза әдеби ортада қызмет істегендіктен өте өнімді шығармашылық табысқа жетті.
Әнес Сарайдың екінші қыры – кәсіби жазушылығы. 1969 жылы «Мұнаралар шақырады» деген атпен алғашқы әңгімелер жинағы жарық көрді. Осы жинақтағы «Соғыстан кейінгі жаз», «Қобызшы» әңгімелері – Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тылдағы ауыр тұрмысты және соғыстан кейінгі шалғайда жатқан қазақ ауылдарындағы тұралаған тұрмысты шынайылығымен нанымды суреттеген туындылар. «Қараша өткен соң» жинағына енген «Ерекше поезд», «Қобызшы» әңгімелерінен осы тақырыптың жалғасын көреміз. «Ерекше поездағы» Пензадан шыққан санитар поезындағы әрбір жауынгердің ауыр тағдыры, Отанды қорғау жолында қолы мен аяғынан айрылған қазақ жауынгерлерінің ауыр тағдыры ерекше аянышпен бірге, тарихты түйсінуге итермелейді. Жазушы шағын жанрмен Қазақстанның Батыс өңірінен Жетісуға қарай жол тартқан санитар поезы арқылы батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай, қазақта соғыс өртіне шарпылмаған отбасы қалмағандығын көркем бейнелеуге болатындығын шебер суреттеп, өмірдің шынайы болмысын ашады. Отанды қорғау жолында аяғы мен қолын қоса берген Тілеу, Манар, Мақыш, Дәулет сынды кейіпкерлер өз оқырманын патриоттық рухта тәрбиелейтін бейнелер. Шағын жанрдың талабына сай жазылған «Соғыстан кейінгі жаз», «Қобызшы», «Ерекше поезд» әңгімелері 10 томдық «Қазақ әдебиеті тарихының» 9-шы томына енді.
Ұлы Отан соғысы салған жараны әңгіме жанрында жеткізе көтерген жазушы бұл тақырыпты кеңейтіп повесть жазды. «Қараша өткен соң» повесінде де соғыс салған қасіретті жан жүрегіңмен сезінесің, майданда қаза болған жауынгердің артында қалған отбасы өмірін ой елегінен өткізесің. Соғыс өртінің адамзат баласына әкелген зобалаңы жекелеген кейіпкерлердің тыныс-тіршілігі, тауқыметке толы тағдырлары арқылы шынайы көрсетіледі.
Жазушының «Атырау» дилогиясы мен «Еділ-жайық» трилогиясы – оқырманның оң ықыласына ие болған шығармалар. Бұл роман еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жазылғандықтан мұнда оған дейін жазылған тарихи шығармалардан біршама айырмашылықтар бар. Автор 1919-1920 жылдардағы таптар мен топтар арасындағы шиеленіскен тартыстарды, ел өмірінен елеулі орын алған тарихи оқиғаларды Қазақстанның батыс өңіріндегі тыныс-тіршілігімен көркем бейнелеген. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы патшалық самодержавие мен кеңес үкіметі арасындағы тарихи тартыстар, Алашорда мен большевиктер арасындағы текетірестер бәрі де өмірден алынып, шиеленісті оқиғалар өрбіп отырады. Кеңес үкіметін орнату және оны құлату жолындағы тартыстар мен күрестерге қатысқан Большевик партиясының көсемі В.И.Ленин, Түркістан майданының командармы М.Фрунзе, Алаш үкіметінің көрнекті қайраткері Х.Досмұхамедов, адмирал Колчак пен генерал Деникин сынды тарихи қайраткерлердің араласуы шығарманың тарихилығы мен деректілігін арттыра түскен. Осындай тарихи тұлғалармен бірге есте ұзақ сақталатын Митрофаныч, Ахтан, Қажығали, Ізбасар, Қарабас, Ысмаил сынды кейіпкерлердің де мақсат-мүдделері мен іс-әрекеттері шындыққа бір табан жақын. «Жаңа заман теңдік, бақыт алып келеді» деген Ізбасардың ойы бірдің емес, мыңдардың, миллиондардың пікірлерімен ұштасса, Қарабасты азғырып казак-орыстар жағына өткізбекші болған Ысмаил әрекеті де өмірден алынған шынайылығымен оқырманын өзіне баурайды. «Жан берсек те жер беруге болмайды» дейтін жазушы кейіпкерлері ХХІ ғасырдағы өз замандастарына ой салары анық.
Романның негізгі жетістігі – Алашорда партиясына деген көзқарастың түзелген шағында жазылуы. Оны алашордашылдардың іс-әрекетімен бейнелеген автор Х.Досмұхамедовтың аузына «Дұрыс жол сілтей алдық па, жоқ па, білмеймін, әйтеуір сенің бақытың үшін аянып қалған жеріміз жоқ. Қатеміз болса, кешіргейсің, халқым!» деген сөзді тегін салмаған. Авторлық ұстаным Алашордаға іштарту мен Кеңес үкіметіне деген күмәннен байқалып отырады. Қазіргі таңда бұл роман жазушының ғана емес, қазіргі қазақ романының табысы ретінде жоғары бағаланып жүр. Қазақ әдебиетіндегі тарихи тақырыпты толықтырған «Еділ-Жайық» романы үшін Мемлекеттік сыйлық берілуі де сондықтан.
Қаламгердің үшінші қыры – драматургтігі. Проза жанрын еркін игерген ол талғамы мен талабы жоғары драматругия жанрында да бағын сынап көрді. Тынымсыз іздене, көп еңбектене жүріп, бұл жанрды да бағындырғанына «Тотиып қалды», «Қу Тазша», «Ару Алматы», «Мұңым менің», «Аңсау», «Тымырсық», «Балуан шолақ» атты драмалық шығармалары мысал.
Әнес Сарайдың төртінші қыры – киносценаристігі. Әдебиеттің публицистика, проза, драматургия жанрларында өнімді еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтаған Әнекең өнер саласында да бағын сынады. «Біз – жастармыз», «Атаман Анненковтың күйреуі» фильмдерінің сценарийлері – оның кино өнеріне қосқан үлесі. Бұл туындылар да көрермен қауымның ыстық ықыласына ие болғанына куәміз.
Төл туындылары арқылы әдебиет пен өнерді ұштастыра білген ол ендігі жерде ғылыми-танымдық зерттеу ісімен айналысты. Сондықтан қаламгердің бесінші қыры – зерттеушілігі деуге болады. Бұл қатарда оның «Мұхаммед пайғамбардың өмірі», «Исатай мен Махамбет», «Асылдың сынығы», «Көнеліктер», «Ноғайлы», «Махамбет» тәрізді еңбектерін атауға болады. Мұхаммед пайғамбардың ислам дінін тарату жолындағы қиын да, ауыр өмір жолдарын баяндау барысында адам баласын имандылыққа шақырған қаламгер өз замандастарына ой сала білді.
«Исатай мен Махамбет» зерттеуінің «Сөз басында» Ағатай Беріштердің арасында өскен Әнес ағамыз Махамбет ақынның өлеңдерін жаттап, Исатай батырдың рухын жан-жүрегімен сезініп өскенін былайша еске алады: «Қысқы ұзақ түндерде, өй-дөйт, Исатай көтерілісі туралы әңгіме шертілетін. Қанша әңгімелесе де тауыса алмай тарқасушы еді қариялар. Ол маған бас-аяғы жоқ, мәңгі бітпейтін «Мың бір түн» көрінетін. Кейде шалдар ара-арасында бір-бірінің аталарының ұлы дүрбелеңде қорқақтық не шалалық істегендерін де айтып, шаң-шұң боп қағысып қалысатын. Бірақ зілсіз күлкімен жуылып-шайылып кете беруші еді бәрі де».
Жас күнінен «Мың бір түн» ертегісіндей болған тарихи оқиғаға деген қызығушылық жыл өткен сайын арта түсті. Ығылман Шөреков, Қажым Жұмалиев, Берқайыр Аманшин сынды зерттеушілерден Исатай-Махамбет көтерілісіне қатысты айтылмаған не қалды деп жүргенімізде Әнес ағамыз Исатай-Махамбет көтерілісінің мән-мағынасы мен себеп-салдарын тереңірек түсіндіруге ден қойды. Ол туралы – «Имандай шыным: Кітап болсын, жарық көрсін деп жазғам жоқ, өзім үшін, өзім түсіну үшін жаздым» дейді ағамыз. Сөйтсек, бұл көтеріліске қатысты айтылмаған сыр, жазылмаған шындық көп екен. Кітаптың құрылымы жөнінде: «Еңбекте Исатай, Махамбет өмірбаяны мен көтеріліс тарихына тақырып қойып, кезең-кезеңдерге бөліп жазғаныммен, жылнамалық тәсілді қатаң сақтай отырып, әріден бері қарай тіздім. Міне ғажап! Сөйткенімде, көтеріліс тарихының кей тұстардағы әр күн, әр апта сайынғы шындықтары қаз-қатар тізіле келіп, Исатай-Махамбет оқиғасының толық суретін қалыптастыруға мүмкіндік берді» дейді автор. Мұның өзі аталған зерттеудің қаншама тың деректермен толыққандығынан хабар берері анық. Ел басына күн туған заманда Исатай мен Махамбет сынды батырлардың қасынан табылған жауынгер-сарбаздар туралы, олардың ұрпақтары жөнінде айту бүгінгі егемен елдің ұрпағының үлесіне тиді. Ағамыз осы міндетті абыроймен атқарды. Бұл зерттеуде сол тарихи оқиға туралы жазылған біршама еңбектерге сілтеме жасалып, ағамыздың еңбегі ғылыми айналымға енді. «Алмас қылыш қын түбінде жатпайтыны» секілді Әнес ағамыздың өзі үшін жинаған деректері бүгінде ел игілігіне айналды. 1997 жылы жарық көрген «Исатай-Махамбет» атты тарихи зерттеуі тың деректерге бай болғандықтан ғалымдар тарапынан оң бағаға ие болды. Зерттеу 2003 жылы Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтетіндіктен толықтырылып, Батыс Қазақстан облысы Әкімшілігі мен «Арыс» қорының Махамбет әлемі сериясымен қайта жарияланды. Қаламгер 1836-1837 жылғы патша өкіметіне қарсы қазақтардың бас көтеруінің арғы-бергі тарихына үңіле отырып, сол көтерілістің көсемдері Исатай мен Махамбеттің қазақ тарихынан алар орнын айғақтап, шұрайлы тілмен бейнелеп берді. Шығарма ғылыми стильмен жазылған зерттеу емес, зерттеу мен эссе аралығында жазылғандықтан оны «дәйектеме-роман» жанрына жатқызуға болады. Мұның өзі шығарманың көпшілік оқырманға арналып жазылғандығының нышаны.
Автор жинаған материалдарын алғашқы басылымда «Бөкей сұлтан», «Исатай Тайманұлы», «Махамбет Өтемісұлы», «Ереуіл», «Көтерілісшілер Жайық сыртында», «Сергелдең жылдар», «Тағдырлар мен тағылымдар» деген тарауларға бөлген. 2003 жылғы «Екі тарлан» деп аталатын басылымға «Қосымшалар» қосқан. Оған Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының шежіресі қосылған. Мұның өзі автордың таңдаған тақырыбына адалдығын, ол тақырыпты ғұмыр бойы зерттеуге даярлығын байқатады. Қаламгер осы көтеріліске қатысты ілгері-кейінді жазылған дерек көздерін кеңінен пайдалана отырып, оларды жаңа мәліметтермен толықтырып, өз жұмысының құндылығын арттыра түсті. Бұл қаламгердің ғана емес, қазіргі қазақ әдебиетінің табысы деп кесімді сөз айтуға болады.
Әнес Сарайдың арнайы назар аударарлық зерттеуінің бірі – 2008 жылы жарық көрген «Көнеліктер» кітабы. Жатық, ғылыми-танымдық тілмен жазылған зерттеу тез оқылады. Көпшілік қауымға арнап шұрайлы тілде жазылған зерттеу деректілігімен, нақтылығымен құнды. Әр тақырып бойынша берілген сілтемелер автордың зерттеу нысанын терең игергендігін көрсетеді. Бұл зерттеуден «Адам атаның ұлағатты өмірі», «Қадым заман хикаялары», «Шу-мер (Сумер) және Шу тайпалары», «Юе-Чжи тайпалары және Кердері хан», «Жылан Бапы патшалығы», «Арғындардың тайпалық жыры», «Ежелгі адайлар», «Үйсіндер және оның төңірегі», «Дулаттар», «Алшындар», «Қаңлылар», «Қыпшақтар», «Қоңыраттар», «Қара қыпшақ Қобыланды», «Тарих және шежіре» туралы толық мәлімет алып, көп тарихи деректерді көңілге түйесің. Қазақ халқының арғы тарихын қаламгер Адам ата жаралғаннан бермен қарай бір тұтастықта зерттеген. «Құран Кәрім» мен «Таурат» кітабына сүйене отырып, жер-дүниенің жаралуынан сыр суыртпақтайды. Ол туралы аталған кітаптардан сілтемелер келтіре отырып, өз ойын нақтылай түседі. Адам-Ата мен Хауа-Ана өмірлерін баяндағанда, негізінен мұсылмандық желіге сүйенген автор оның кейбір тұстарын таураттық аңыздармен толықтырып отырған. Екі кітапты мұқият салыстыра отырып, тұтастай желіге түсіру зерттеу авторының көп ізденгендігін байқатады.
Жердің жаралуы, көне Тас дәуірі, кейінгі Тас дәуірі, көне дәуірге кейінгі көзқарас, Топан тасқыны, Тұран жұрты, Тұран тайпалары, Арийлер дәуірі, Сақтар, Батыс тарап сақтары – скифтер, Қас тайпасы туралы толыққанды мәліметтер есте жоқ ескі заманнан хабар береді. Автор өзіне дейінгі зерттеулерді саралай отырып, өзара ұқсастығы мен айырмашылығын сарапқа салады да өз тұжырымдарын ұсынады. Ежелгі дәуір әдебиетіндегі әдеби жәдігерлер мен аңыз-әңгімелерді жадында ұстай отырып, оларды зерттеушілердің деректерімен дәйектеп отырады. Мәселен, қас тайпасы туралы Н.Я.Марр, Б.Грозный сынды академиктердің, әзербайжан ғалымы Игар Әлиев, Б.А.Рыбаков, Дьяконов және Ш.Уәлиханов, Ә.Марғұлан, А.Сейдімбек тәрізді қазақ ғалымдарының зерттеулері мен ауыз әдебиеті үлгілерін саралай отырып, төмендегідей тұжырым жасайды: «Пайымдауымызша: Қас тайпасы түрік қағандығы кезінде қаса атанып, Хазар қағандығына ұйысқан соң, хасар тұра келе хазар атанған. Түріктік ру, тайпа есімдері «ақ» жалғауымен қалыптасса, Хазар хандығына енген рулық топтар «ар жалғаулы рулық атауларға айналған: Хазар, болғар, авар, сувар, мадияр».
Ал «Жалғанның жарығына кеше ғана шыққан балаң халық емеспіз, мақтанарлық ұлан-ғайыр ұзақ тарихы бар көшелі жұрттың ұрпағымыз. Жоғалғанға тән қысталаң қиын сәттердің өзінде жоғалмай, жол тауып қайта түлеп, үмітті болашаққа жол түзеуіміз санамызда өшкенмен, жан-тәнімізде, түйіршік қанымызда көмескі күйде болса да сақталған кәрі тарихымыздың селбеуі. Көшелі ел болғаны есінде жатталған халық ешуақытта құл болмайды» деген ойды қазақтың туу тарихын б.д.д. бірнеше ғасырға ары шегерген қаламгер ғана айта алады.
Әнес Сарай шығармалары ұлттық құндылықтарымыздың ортасынан өзінің орнын ойып алған күрделі де көркем туындылар.
Ғылыми ойдың қара шаңырағы – М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары да Әнес Сарайдың шығармашылығын терең зерттегенін қадап айтқым келеді. Әнес Сарай қаламынан туған көркем туындылар қазағымен бірге жасай береді. Оны Ә.Сәрсенбаев, Т.Ахтанов, Ә.Нұрпейісов сынды батагөй қаламгерлеріміз жоғары бағалаған. Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жарық көрген 10 томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты еңбектің 9-10 томдарындағы кеңестік дәуір мен тәуелсіздік тұсындағы қазіргі қазақ прозасы жөніндегі ғылыми мақалаларда жазушының әңгіме, повесть, романдары жоғары бағаланып, сол дәуірдің көркем қазынасы екендігі ерекше аталып өтілді.
Иә, тарих ілімі күмәнданудан, оны нақтылауымен құнды. Бұл ретте Әнес Сарай ағамыздың ой көздерінің тереңіне бойлауымыз қажет. Яғни қазақ аяқастынан тарих сахнасына шыға келген ұлт емес. Оның тіні сонау бағзы замандарда жатыр. Оны аршып алып, ғылыми ойдың тайқазанына салу керек.
Жазушы алтын көмбенің есігін ашты. Оны тереңнен зерттеу қазақтың жас ғалымдарының міндеті. Өйткені әлем өркениеті жинақтаған сан тілде жазылған жылнамалар мен деректерді сараптап, көне заманның арасынан ұлтымызға қатысты барлық жәдігерлерді жинап, өзімізді өзіміз тану үшін жаңа жас ұрпақтың міндеті.
Қаламгер – өз заманының көркем шежірешісі. ХІХ ғасырдағы орыс сыншысы Чернышевский өмір шындығына көркемдік баға берілген шығармаға уақыт та, заман да билік ете алмайды деп еді. Қаламгер Әнес Сарайдың шығармалары да сондай көркемдік-эстетикалық биікте тұр.
Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері