Артқа қайту Басып шығару

Әнес Төлендіұлы Сарайдың «Ұлт. Тарих. Қаламгер» атты шығармашылық кеші өтеді

АСТАНА. 22 қараша. ҚазАқпарат - Ертең, 23 қараша күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жазушы, драматург, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері Әнес Төлендіұлы Сарайдың «Ұлт. Тарих. Қаламгер» атты шығармашылық кеші өтеді. Бұл шараны Астана қалалық Тілдерді дамыту басқармасы мен Еуразия ұлттық университетінің ұжымы бірлесіп ұйымдастырып отыр.  Қаламгердің өскелең ұрпақпен кездесуі Әнес Төлендіұлының 75 жасқа толған мерейтойы аясында өткелі тұр. Жазушы студенттерге өзінің шығармашылығы туралы айтып береді және алдағы жоспарларымен бөліспекші. Айта кету керек, Әнес Сарай 1937 жылы 21 қарашада Ресей Федерациясы, Астрахан облысының Володар ауданы, Кірмалай аулында туған. Алғашқы туындылары республикалық баспасөз беттерінде 1963 жылдан бастап жарияланған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналитика факультетінен тәлім алып, еңбек жолын «Лениншіл жас» газетінде меншікті тілші қызметінен бастаған, одан кейін осы басылымда бөлім меңгерушісі, Бас редактордың орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Қазақ халқы Әнес Сарайды тарихи шығармаларды дүниеге әкелген дарынды жазушы ретінде айрықша құрмет тұтады. Әсіресе, «Қараша өткен соң», «Бозқырау», «Тосқауыл», «Алтын арал», «Ақ тымық түн», «Асылдың сынығы», «Мұхаммед пайғамбардың өмірі», «Исатай мен Махамбет», «Адайлардың арғы тарихы», «Ноғайлы», «Көнеліктер» атты кітаптарын оқырмандар ерекше ықыласпен қабыл алды. Сондай-ақ қазақ өнерінің өркендеуі үшін тарихи маңызы зор драматургиялық шығармаларды тарту етті. Қаламгердің шоқтығы биік шығармасы - «Еділ-Жайық» романы. Жазушы осы еңбегінде 1917-1920 жылдар арасындағы Каспий теңізі мен Атырау өңіріндегі төңкеріс оқиғаларына өзіндік көзқарас, тың да тосын пайымдаулар жасады. Қаламгердің еңбегі жоғары бағаланып, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/zhazushy-anes-saraydyn-ult-tarih-kalamger-atty-shygarmashylyk-keshi-otedi_a2512509