Әнес Сарай 75 жаста

75 жасқа кез-келгеннің келе бермейтіні анық. Ал, Әнес аға әлі тың, ширақ. «Қажыр-қайратым тайып, жұмыс істей алмай қалған күнім болған жоқ. Шүкір, әлі жұмыс істеп жатырмын» дейді ол.
Әнес Сарай 1937 жылдың 21 қарашасында Астрахань облысы, Володар ауданындағы Құрмалай селосында дүниеге келген. Оның жастық шағының барлығы дерлік Атырау өңірінде, Каспийдің жағасында өтті. Шығармаларының басым бөлігі де осы «қарт» теңіз тақырыбының төңірегінде еді. Содан да болар, қаламгерді замандас достары «теңіз жыршысы» деп атайтын.
Ең алғаш жарық көрген әңгімелер жинағы «Мұнарлар шақырады» деп аталады. Ол қалың оқырманға 1969 жылы жол тартқан. Мұнан кейін араға бірнеше жыл салып орыс тілінде «Қараша айы келгенде» деген кітабы баспадан шықты. Ол сонымен қатар, «Қу тазша», «Ару Алматы», «Мұқым менің», «Аңсау», «Тымырсық» сынды пьесалардың авторы.
Әнес аға 1964 жылы «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш» газеттерінде әдеби қызметкер болып еңбек жолын бастаған. Кейінірек Балқаш қалалық телевизиясында аға редактор қызметін атқарды. 1998 жылға дейін ол «Жазушы» баспасында, Қазақстан Жазушылар одағында түрлі жұмыстармен айналысқан еді. Ал, 1998 жылдан бүгінгі күнге дейін Әнес ағамыз шығармашылықпен айналысуда. Сондай-ақ, қазақ тарихының ақтаңдақ тұстарын зерттеп, тарихи жәдігерлерді құзар шыңға шығарып келеді. Атап айтатын болсақ, осы күнге дейін «Атырау» дилогиясы, «Еділ-Жайық» романы, «Мұхаммед пайғамбардың өмірі» атты тарихи аударма еңбегі, «Исатай мен Махамбет» атты зерттеу еңбектері жарық көріп, оннан астам пьесалары Астана, Алматы, Қызылорда, Қарағанды театры сахналарында қойылып жүр. Қазір қаламгер «Қалмақ қырғыны» атты тарихи зерттеу еңбегін жазу үстінде.
Ескерту!
Baq.kz сайтында жарияланған авторлық материалдардың барлық құқықтары қорғалған және ақпарат агенттігінің меншігі болып табылады. Көшіріп басу редакцияның рұқсатымен жүзеге асады. Материалды көшіріп басу кезінде Baq.kz сайтына төте сілтеме көрсету талап етіледі.
Талқылау
Сондай-ақ оқыңыз:

22 ноябрь 2012, Четверг
Әнес Төлендіұлы Сарайдың «Ұлт. Тарих. Қаламгер» атты шығармашылық кеші өтеді
Пікірлер (1)